Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназия
Ресми интернет-ресурс

"Қазақтың Қанышына 125жыл"

Ш. Қалдаяқов атындағы мектеп- гимназияның 7 "Ә",10"Ә"сынып оқушылары Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туылғанына 125-жыл толуына орай"Қазақтың Қанышына 125жыл" тақырыбында Руханият-Әбу Нәсір әл Фараби мұражайында көрме өткізілді.Көрмеге мектеп-гимназия оқушылары қатыстырылды. Қ.И. Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуірде (31 наурыз) Семей губерниясы Павлодар уезіндегі Ақкелін болысының № 4 ауылында (қазіргі ҚР Павлодар облысының Баянауыл ауданы) орта жүз арғын руының қаржас (Сүйіндік) деген еліне жататын Имантай би Сәтбаевтың отбасында дүниеге келген. Сәби туған кезде оған Ғабдолғани деген есім беріпті, бірақ анасы Әлима оны еркелетіп Ғаныш, Қаныш деп атаған. Кейін бәрі баланы Қаныш деп атап кеткен екен. Кезінде ҚазКСР ҒА академигі Қ.Жұмалиев Қаныш Имантайұлы туралы бейнелі түрде былай деген еді: «Ол бала күнінен тау бөктерін тамашалап, шатқалдардағы тау ағындарына құлақ түріп, жазғытұрымғы қымыз іспетті шөптер мен гүлдердің иісі сіңген ауамен тыныстап өсті. Қазақстанның қатал да нәзік, тәкаппар да мейірімді табиғаты бауырына алып, қанатын қатайтты». Ол анасынан ерте айырылып, жастайынан білімге құштар болды. Қаныш алдымен араб тілінде оқытатын ауыл мектебінде білім алып, кейін Павлодардағы екі кластық орыс-қазақ гимназиясында оқиды. Оның сыныптастарының арасында кейін қуғын-сүргінге ұшыраған атақты қазақ драматургы, прозашы және ақын.

        Ж. Аймауытов болды. Одан кейін оның өмірінде немере ағасы, орыс филологиясының оқытушысы А.З. Сәтбаев (1937 жылы ол атылады) басқарған Семей мұғалімдер семинариясындағы кезең басталады. Семей қаласында Қаныш Сәтбаев А. Байтұрсынов, М.Дулатовпен, демократ ақын С.Торайғыровпен кездескен, ал М. М. Әуезов және Ә. Марғұланмен бірге оқыған. Семинарияда атақты ағайынды-өлкетанушы Белослюдовтар, ерлі-зайыпты ағартушылар – Назипа және Нұрғали Құлжановтар сабақ берді. Жас талаптың денсаулығы сыр бергендіктен, диплом алу үшін емтиханды мерзімінен бұрын тапсырады. 1920-1921 жылдары Сәтбаев туған өлкесіне оралып, асқынған туберкулез дертінен қымыз ішіп емделеді. Осы кездерде ол Шәрипа Омаровға үйленіп, ол некеден Ханиса атты қызды болады. Болашақта Ханиса Қанышқызы медицина ғылымдарының докторы, С.Н. Асфандияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеттің құрметті профессоры, Қазақ ССР ғылымға еңбек сіңірген қайраткері.1921 жылы Сібір технологиялық институтының студенті, кейін тұңғыш қазақ математика профессоры А. Ермековтің арқасында жас Қаныш томскілік геология профессоры, болашақ академик М.А. Усовпен кездеседі. Бұл кездесудің Қаныш тағдырындағы мәні зор. «Сәтбаевтың 1921 жылдың ортасында Баянауылда қымыздан шипа іздеп келген Томск технологиялық институтының профессоры М.А. Усовпен кездесуі оның тағдырында шешуші рөл атқарды. Оның геология жайлы әңгімелерінің 22 жасар жігітті қызықтырғаны соншалық, Сәтбаев 1921 жылы халық судьясы лауазымын тастап, Томск технологиялық институтына түседі» деп жазады Томск қаласындағы Қ.Сәтбаевтың студенттік жылдары туралы кітаптың авторы И.Т. Лозовский.