БЕСІККЕ САЛУ, ТҰСАУ КЕСЕР САЛТ ДӘСТҮРЛЕРІ
"Ш. Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназия" коммуналдық мемлекеттік мекемесінде Ұлыстың ұлы күні-Наурыз мейрамын ұйымдастыру және өткізу жөнінде іс-шаралар жоспарына сәйкес 16 наурыз "Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр" бесікке салу,тұсаукесер т.б. салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында "Шежіре" "Руханият"бірлестіктерінің ұйымдастырумен "Бесікке салу","Тұсау кесу" көріністері қойылды.
Баланы бесікке салу – қазақ халқының жаңа туған сәбиді жеті күннен кейін бесікке салып, оның құлағына азан шақырып, ат қою дәстүрі. Бұл рәсім барысында «бесік тойы» өткізіледі, оған ауыл әйелдері жиналып, сәбиге арналған сыйлықтар мен ойыншықтар әкеледі.
Бесік тойында әйелдер шашу шашып, балаға тіл-көзден қалас болсын деп тұмар тағады. Сәбидің бас киіміне үкі қауырсын қадап, бесікті киелі әрі қастерлі санайды. Сондықтан бесікті баспайды, бос бесікті тербетпейді, және оны туысқандардан басқа адамдарға қарызға бермейді. Ескі бесікті тастау қажет болса, оны ақтық байлап, ақ сүт тамызып, дән қосып, өртеп жібереді.
Бесік қазақ халқының өмірінде ерекше орын алады. Нәресте бесікте жылы, жайлы, таза әрі құрғақ жатады. Бесік сәбидің тыныш ұйқысын бұзбайды, оның денесі дұрыс өсіп, қисаймайды. Көшіп-қонғанда, бесік өте қолайлы әрі қауіпсіз, ал астында дәретке арналған түбек бар, бұл сәбидің қажеттіліктерін жеңілдетеді. Бесікке кішкентай балалар да отырып, оны тербетіп, ойыншық ретінде пайдаланады.
Тұсау кесу дегеніміз бір жасқа толып, еркін жүре бастаған баланың алғашқы қадамы құтты болсын деп, оның болашақта жамандық көрмей, сүрінбей жүруіне тілек білдіретін салт-дәстүрлеріміздің бірі.
Тұсаукесер – сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым. Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. Бұл ала жіпті аттамасын деген ұғымнан шыққан. Сол жіппен баланың аяғын тұсап, оны жүріс-тұрысы ширақ әйелге қидырады.
Қаз-қаз, балам, қаз, балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін.
Қаз-қаз, балам, қаз, балам,
Тақымыңды жаз, балам,
Қадамыңды қарайық,
Басқаныңды санайық.
Қаз-қаз,балам, жүре гой,
Балтырыңды түре ғой.
Тай-құлын боп шаба ғой,
Озып бәйге ала ғой.
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың.
Өмірге аяқ баса бер,
Асулардан аса бер.
Жүгіре қойшы құлыным,
Желбіресін тұлымың,
Елгезек бол, ерінбе.
Ілгері бас, шегінбе,- деп өлеңдете отырып, тұсауын пышақпен кеседі.